Дуа Хан

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 26

Дуа Хан

Шағатай хандығының Еуразияның қақ ортасында орналасуы оның тағдырын белгілеген негізгі фактор болды. Шағатайдың ұрпақтары солтүстікте Жошының мұрагерлерімен, солтүстік шығыста Үгедейдің ұрпақтарымен, шығыста Құбылайдың Юан әулетімен, батыста Құлағудың Иранымен тығыс қарым-қатынаста болды. Бұл қатынастар кейде соғыспен, кейде одақтастық қатынаспен жалғасып тұрды. Әсіресе шағатайлықтар Үгедей ханның ұрпағы Қайду мен Төленің баласы Құбылайдың арасында шамамен отыз жыл жалғасқан соғыстың ықпалында болды. Алайда тоғыз жолдың торабында орналасқан Шағатай хандығына Жібек жолының қауіпсіздігі маңызды еді. Сондықтан олар Шыңғыс хан ұрпақтарының арасындағы бірліктің орнауына мүдделі болды. Ақырында, шағатайлықтардың ұсынған «тұтас империя» пікірі қолдау тауып, қағаз жүзінде болса да, Шағатай хандығы, Алтын Орда, Елхандар мемлекеті Юан әулетін Шыңғыс ханның мұрагері Ұлы қаған деп мойындады. Осы жағдай Ұлы Жібек Жолының қайта гүлденуіне себеп болды. Олай болса, осы кезеңге өз таңбасын қалдырған ұлы тұлғамыз Дуа хан туралы сөз қозғаймыз.

Ұлы тұлғамыздың туған жылы белгісіз. Ал қайтыс болған жылы 1307 жыл. Шағатайдың баласы Мүтүгеннің немересі болып табылады. Әкесі Барақ хан Мүбарек Шах секілді Ислам дінін алғаш болып қабылдаған шағатай ұрпақтарының бірі. Барақ өзінің айласымен Шағатай хандығын Мүбарек Шахтан тартып алған болатын. Тақтың Дуаның әкесіне өтуінде Құбылай мен Қайду арасындағы соғыс та өз әсерін тигізді. Мүберек Шахтың Елхандық Абақ ханның қарамағына қызмет етуге кетуі, ал Барақтың ерте қайтыс болуына байланысты Шағатай хандығын өзіне қаратқан Қайду Барақтың ұлы Дуаның таққа шығарды.

1282 жылы хан болып тағайындалған Дуа Шағатай ұлысы тағында ең ұзақ уақыт отырған хан ретінде тарихқа енді. Десе де, Дуа жастайынан соғыстарда қолбасшы болған тәжірибелі билеуші еді. Мысалға, Дуа 1275 жылы Шығыс Түркістандағы Құбылайдың ұлы Аяшының қол астындағы бір қамалды алған еді. Одан кейін Тұрпандағы Қарақожа қаласын қоршауға алған болатын. Ұлы тұлғамыз ұйғыр Идиқұттың билігіндегі бұл қаланы ала алмаса да, Идиқұттың қызын алып, бітімге келген еді.

Қайду тарапынан хан болып тағайындалған Дуа Үгедей ұрпақтарымен жақын қатынас орнатып, олардың Құбылай ханға қарсы соғысында қолдау көрсетті. Бүгінгі Шынжаң аймағын өзіне қаратқан Дуа хан оңтүстіктегі тибеттіктердің Құбылай ханға қарсы көтерілісіне астыртын көмек берді. Сонымен қатар Қайду мен Дуаның әскерлері бірігіп Юан әулетінің қол астындағы Бесбалық қаласын  алды. Жалпы ұлы тұлғамыз Құбылай ханның қарамағындағы Қытай қалаларына жиі жорық жасап тұрды.

Дуа ханның елхандармен қарым-қатынасы оңай болмады. Өйткені Қайду Ұлы хан Үгедейдің мұрагері ретінде өзін бүкіл моңғол ұлыстарының билеушісі ретінде көрді. Сондықтан ол тек Шағатай хандығына ғана емес, Алтын Орда мен Елхан мемлекетіне де өз ықпалын жүргізгісі келді. Қайдудың осы мақсатына сай Дуа хан Иранға шабуыл жасап, Хорасан мен Мазандаранды жаулап алды. Герат қаласына да өз ықпалын орнатты. Бұл кезде Құлағудың ұрпақтары тақ таласын жүргізіп жатқандықтан шағатайлықтарға қарсылық бере алмады. Дуа хан өзінің ұлы Құтлық Қожаны осы аймақтарға әкім қылып тағайындады.

Ұлы тұлғамыздың Алтын Ордамен қатынасына келетін болсақ, Жошы ұлысының шығыс қанаты болып саналатын Ақ Орда Шағатай хандығымен көрші болатын. Осыған байланысты Қайду Дуаны бұл өңірде де өз мүддесі үшін қолданды. Мысалға Ақ Орда ханы Баян мен оның немерелес інісі Күйлік тақ таласын жүргізіп жатқанда, Күйлік Қайду мен Дуаның қолдауын алып, Баянды тақтан құлатқан болатын.

1301 жылы Қайдудың қайтыс болуымен Дуа ханның ықпалы арта бастады. Бұның бір көрінісі оның Қайдудың мұрагері Ұрысты мойындамай, оның орнына Шапарды Үгедей ұлысы ханы ретінде тағайындауы болды. Осыдан кейін Дуа хан Шапар ханға Құбылайдың ұрпағы Темір ханды Ұлы хан деп мойындап, соғысты тоқтатуды ұсынды. Шамамен 1304 жылы Құбылай мен Қайду арасында 1260 жылдары басталып, отыз жылға созылған соғыс аяқталды. Құбылайдың ұрпақтарын Ұлы хан деп мойындау ұсынысын Алтын Орда мен Елхандар да қолдады. Жошы ұлысы ханы Тоқта мен Елхан Олжайту Юан әулетінен Темір ханды Ұлы қаған деп мойындады. Осылайша, Шыңғыс хан империясының тұтастығы сөз жүзінде болса да қалпына келді. Бұл келісімнің арқасында Еуразиядағы сауда жандана бастады.

Дуа ханның ендігі мақсаты бүкіл моңғол ұлыстарынан жиналған қалың қолмен Үндістанға жорық ұйымдастыру еді. Алайда Шапар мен Дуа арасында шыққан соғысқа байланысты бұл жорық жүзеге аспай қалды. Өйткені Шапар ханның билеп отырған Мәуренахр жері заң бойынша Шағатай ұрпақтарына берілген жерлер болатын. Басқаша айтқанда, Шапардың бұл жерлерді билеуге құқығы жоқ еді. Дуа мен Шапар арасындағы соғыста Юан әулетінен Темір хан шағатайлықтарды қолдады. Осының нәтижесінде ұлы тұлғамыз жеңіске жетті. Бұл жеңіс бір жағынан Шағатай хандығының территориялық тұтастығын қалпына келтірді. Енді бір жағынан Үгедей ұлысы жойылған болды.

Қорыта айтқанда Дуа хан 1307 жылы қайтыс болғанда, Шағатай хандығы Қытай, Иран, Үндістан  және Ұлы дала арасындағы ең мықты мемлекет еді. Жібек жолының жандануымен ұлыстың экономикалық жағдайы да жақсара бастады. Он төртінші ғасырдың екінші жартысында тарих сахнасына шыққан Әмір Темір өз империясын хандығы негізінде құрды.     



Ұқсас жаңалықтар