Сағадат Керей Хан

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 18

Сағадат Керей Хан

Он алтыншы ғасырда Қырым хандығы ұлы даланың ең маңызды мемлекеті болуын жалғастыра берді. 1523 жылы Мехмед Керей қайтыс болғаннан кейін тақ таласы орын алса да, Қырым өзінің тұтастығын жоғалтпады. Бұл ел Османлы мемлекетімен Ұлы даланың арасындағы стратегиялық көпір ролін атқарды. Қырымның керей хандары мен ханзадаларының Ыстанбұлға барыс келісі арта түсті. Бүгінгі әңгімеміз осы кезеңге өз таңбасын қалдырған Сағадат Керей хан туралы болмақ.

Ұлы тұлғамыз1494 жылы туып, 1538 жылы қайтыс болған. 1524-1532 жылдар аралығында Қырым ханы ретінде билігін жүргізді. Әкесі Меңді Керей алғашқы кезеңдегі Қырымның ең мықты ханы еді. Меңді Керейден кейін Сағадат Керейдің інісі Гази Керей таққа шыққан еді. Бірақ Қырым хандығы мен Османлы мемлекеті арасындағы келісімшартқа байланысты Османлы падишахы Қырым тағына шыққан ханның билігін мақұлдауы керек еді. Османлы падишахы Кануни Сұлтан Сүлейман Гази Керейдің Мехмет Керей ханның өліміне қатысы бар деген күмәнге байланысты оның билігін мақұлдамады. Осыдан кейін Османлы падишахы таққа Сағадат Керейді шығарды. Таққа шыққан ұлы тұлғамыз Мехмет ханның өліміне қатысты тергеу жүргізіп, үш айдан кейін Гази Керей мен оның әкесін өлім жазасымен жазалады. Сағадат хан қалғай ретінде яғни өзінен кейінгі Қырым хандығының тақ мұрагері ретінде Мехмет ханның ұлы Дәулет Керейді тағайындады.

Сағадат Керей хан сыртқы саясатта Мехмет Керей ханның бағытын өзгертіп, Мәскеу кінәздігімен одақтастық құруды қарастыра бастады. Осы мақсатта кінәз Вазилий ІІІ-ге елші жолдап, одақтастық ұсынды. Бұл одақтың құрылуы үшін Қырым ханы Мәскеу кінәзінен жылына 60.000 алтын төлеп тұруын талап етті. Қырым ханының бұл шартына қарағанда, екі ел арасында одақ емес, бұл Сағадат Керей ханның орыстардан салық алып, Мәскеу кінәздігін басқа хандықтардан қорғауы мәселесі еді. Василий ІІІ Сағадат ханның бұл ұсынысын қабылдаудан басқа шарасы жоқ еді. Өйткені бұл кезеңде Алтын Орданың мұрагерлері Қазан хандығы, Астрахан хандығы мен ноғайлардың бір бөлігі Қырым ханының үстемдігін мойындайтын еді. Қырым ханы орыстармен құрған одағын өз жорықтары үшін де қолданды. Мысалға, Сағадат Керей хан Мехмет Керей ханның кезінде едәуір күшейген Литваға Мәскеу кінәздігімен бірге жорық ұйымдастыра бастады. Бірақ бұл жорықтар барысында Мәскеу кінәздігі одан сайын күшейе түсті. Ғасырдың ортасында Мәскеу кінәздігінің Қазан хандығы мен Астрахан хандығын жаулауына осы кезден алғы шарттар қалыптаса бастаған еді.

Қырым хандығы мен Османлы мемлекетінің қарым-қатынасына келетін болсақ, хандық Қажы Керей мен Меңді Керей заманына қарағанда Османлы мемлекетіне бағынышты болып қалған еді. Бұрын Қырым хандары тәуелсіз әрекет ететін болса, енді Османлылардың вассалы ретінде қимыл жасайтын болды. Оның үстіне Сағадат Керей ханның таққа шығуында Османлы ықпалы бар еді. Сағадат Керейдің жастық шағы да Ыстанбұлда өткен болатын. Ұлы тұлғамыз Османлылардың күш-қуаты мен саясатын жақсы білетін. Янычармен де тығыз байланыс орнатқан еді. Кануни Сұлтан Сүлейманның Сағадат Керейді Қырым тағына шығаруы тектен тек емес еді. Алайда Османлы мемлекетіне бағынышты болуға қарсы болған Қырым билері Сағадат Керей ханның Ыстанбұлмен жақындасу саясатын қолдамады. Осы жағдайды жақсы пайдаланған інісі Ислам Керей Сағадат Керей ханның билігін мойындамай, оған қарсы бүлік бастады. Сағадат Керей хан Ислам Керейді екі шайқаста жеңсе де, елдің тұтастығы үшін Ислам Кереймен ымыраласуға мәжбүр болды. Нәтижеде ұлы тұлғамыз Ислам Керейді тақ мұрагері «қалғай» деп жариялады.

Ислам Керейді қолдаған Қырым билері Сағадат Керей ханның Мәскеу кінәздігімен одақ құруын да қолдамаған болатын. Сондықтан қалғай Ислам Керейдің қарамағындағы жасақтар Қырым хандығы мен Мәскеу кінәздігі арасын бұзуға тырысты. 1527 жылы Сағадат Керей хан Василий ІІІ-ге одақты күшейту үшін жаңа елші жолдаған еді. Бұл хабарды алған Ислам Керей Мәскеуге жорыққа шықты. Бұл жасақтар Мәскеуді ала алмаса да, көптеген орыс қалаларын қиратқан еді. Бұл хабарды алған Мәскеу кінәзі Сағадат Керей ханның жіберген елшілерін өлтіртті. Қысқасы Ислам Керейдің мақсаты орындалған болды. Кінәздік пен хандық арасындағы одақ бұзылған болды.

Осы оқиғалардың нәтижесінде Ислам Керейдің ықпалы едеуір артқан еді. Бұл күшті сезінген қалғай Сағадат Керей ханға қарсы 1532 жылы тағы да көтеріліс бастады. Бұл жолы бүлікті бастыра алмайтындығын білген ұлы тұлғамыз 1533 жылы таққа Ислам Керейді шығарды.

Осыдан кейін ағасының баласы Дәулет Керейді алып Османлы мемлекетінің астанасы Ыстанбұлға кетті. Ұлы тұлғамыз Османлы падишахы Кануни Сұлтан Сүлейман тарапынан жақсы қабылданды. Осы кезден бастап Сағадат Керей Османлы мемлекетіне қызмет ете бастады. 1534 жылы Канунидің Иракқа қарсы ұйымдастырған жорығына қатысып, батырлығымен көзге түсті. Осыған байланысты Сұлтан Сүлейман оған 300.000 ақша айлық беріп, оны жаңа жауланған жерге әкім қылып тағайындады. 1538 жылы қайтыс болған Сағадат Керей Әюп мешітіне жерленді.

Қорыта айтқанда, Сағадат Керейдің кезінде Қырым хандығы Алтын Орда мұрагерлерінің арасындағы ең мықты хандыққа айналды. Алайда осымен қатар хандықтың Османлы мемлекетіне бағыныштылығы да арта түскен еді. Қырымда туылып, Ыстанбұлда өлген ұлы тұлғамыздың өміржолы сол заманның бір көрінісі болып табылады.



Ұқсас жаңалықтар