Мамай

Түркі өркениетінің ұлы тұлғалары - 3

Мамай

Алтын Орданың ең соңғы мықты билеушісі Жәнібек ханның қайтыс болуымен Ұлы дала империясы құлдырау кезеңіне аяқ басты. Жәнібек ханның ұлы Бердібек 1357 жылы хан болып жарияланғаннан кейін өзінің қарсыластарын жою және орталық билікті күшейту мақсатында Батудан тарайтын төрелерді сарайға шақырып, барлығын өлтіріп жіберді. Алайда көп өтпей 1361 жылы Бердібек ханның өзі де қайтыс болды. Осыдан бастап, енді Жошының бүкіл ұрпақтары таққа таласа бастады. 1360 жылдан 1380 жылға дейін жалғасқан ішкі соғыста таққа Жошының Орда-Ежен, Шайбан мен Тоқа Темір ұлдарының ұрпақтары таласты. 25 хан бірін бірі алмастырды. Осы кезеңде Ноғай Ноян секілді өз ізін қалдырған қолбасшы Мамай болды. Бүгінгі бағдарламамыз осы ұлы тұлға туралы болмақ.

Ұлы тұлғамыз шамамен 1335 жылы туып, 1380 жылы қайтыс болды. Мамай атының бірнеше мағынасы бар. Біріншісі - қасқырдың күшігі. Екіншісі - кейбір тарихшы және мамандардың ойынша Мамай сөзі түркі тілінде «Мұхаммед» дегеннің өзгерген пішіні. Ұлы тұлғамыздың туған кезеңі Өзбек ханның Алтын Орданы исламдандыру кезеңі болғандықтан, оған Мұхаммед атының берілуі заңды құбылыс болуы мүмкін. Мамайдың ата тегіне келсек, тарихшылар оның Қият руынан болғандығын жазады. Түркиялық тарихшы Мұстафа Кафалы Мамайдың әкесі Алаш деген кісі болғандығын жазады. Ал оның атасы Исатай Өзбек ханның ең маңызды қолбасшыларының бірі еді.

Жәнібек ханның кезінде Мамай  ханның қызын алып, хан әулетімен құда-андалық қатынас орнатты. Осыдан бастап Мамайдың сарайдағы мәртебесі өсе бастады. Жәнібек ханның кезінде оған Беклербек яғни "Бектердің бегі" деген атақ берілді. Бұл атақ Алтын Орда тарихының бас кезіндегі "Ноян" атағымен тең еді. Өзбек хан мен Жәнібек ханның кезінде елдегі Исламдану саясатына сай сарайдағы көптеген шен мен атақ моңғолшадан түрікшеге алмастырылған еді. Сонда Алтын ордалықтар үшін моңғолша Исламнан бұрынғы құндылықты білдірсе, түрік тілі Исламды білдіретін еді. Қолбасшы мағынасына келетін "ноян" атағы Өзбек ханнан бастап "би" немесе "бек" ретінде қолданыла бастады. Ал бас қолбасшыға "беклербек" яғни билердің биі атағы берілді.

Жәнібек ханның кезінде Мамайға Еділ өзенінің батыс жағы берілді. Жәнібек хан қайтыс болғаннан кейін де Мамай осы жерлерді өз бақылауында ұстады. Сонда 1361 жылы Бердібек қайтыс болғаннан кейінгі басталған ішкі соғыста бірнеше күш пайда болды десек болады. Ең алдымен Жайықтың шығысындағы Орда Еженнің ұрпақтары құрған және Ақ Орда аты берілген елдің хандары Алтын Орданы өз биліктеріне алуға талпынды. Бұл жерде Құзра  немесе Қызыр деп аталатын билеуші, одан кейін Мурид Хожа, Ұрыс хан және ең соңында Тоқтамыс Ақ Орда жағынан Алтын Орда тағына таласқан хандар еді. Ал Мамай және ол қолдау көрсеткен Абдалла хан және Мұхаммед Бұлақ хан Еділдің батысынан осы қақтығысқа қатысты. Ал солтүстікте Орыс князьдіктері күшейе бастады. Ақ Орда мен Мамай арасындағы соғыс Алтын Орданы әбден әлсіретті. Осы орайды орыстар жақсы пайдаланды. Орыс князьдерінен Мамай бір жақты, Ақ Орда басқа жақты қолдап, орыстардың күшеюінің алдын алуға тырысса да, Мамай мен Ақ Орда хандарының қатынасының шиеленіскені соншалық, олар ақырында орыс жерлеріндегі саясатқа араласа алмайтын болды.

Александр Донской деген князьдің айналасына біріккен орыстар Алтын Орданың бодандығынан құтылу үшін күрес бастады. Ақырында 8 қыркүйек 1380 жылы Куликово алаңында Мамай мен орыстар арасында болған шайқаста орыс жағы жеңді. Бұл шайқастың шын мәнінде қалай болғанын, қаншалықты үлкен болғанын білмейміз. Алайда орыс тарихшылары осы шайқасты Ресей мемлекеттілігінің өте маңызды оқиғасы деп есептейді. Десе де, орыстар бұл шайқастан кейін де Алтын Ордаға салық төлеп тұрғандығы белгілі.

Дәл сол 1380 жылы Мамайдың қолы Калка өзенінің жағасында Тоқтамыстан жеңіліс тапты. Бұл Еділдің батысындағы көшпенділердің жағдайын қиындата түсті. Мамай осы екі шайқастан кейін Алтын Орда саясатынан кетті.

Қорыта айтқанда, Мамай Алтын Орда тарихының соңғы кезеңінде өте маңызды рол ойнады. Оның саясаттан кетуімен Әмір Темірдің қолдауын алған Тоқтамыстың дәуірі туды. Бірақ Тоқтамыстың Алтын Орданың оң қанатын әлсіретуі орыстардың болашақта шешуші күш ретінде ортаға шығуына мүмкіншілік жасады.

Мамай тек Еуразия халықтарының тарихын ғана емес, әдебиетіне де айтарлықтай үлес қосты. Мысалға Мамай Батыр Қанды Орақ дастаны осы ұлы тұлғамыздың өмір баяны желісінде өрбиді десек қателеспейміз. Ал орыстарда "Как Мамай прошел" деген тіркес Мамайдың орыс халқының жадындағы орнын көрсетеді. Тағы бір қызық жайт, Украиналықтар Мамайды өздерінің айтулы маңызды тұлғасы ретінде санайды.



Ұқсас жаңалықтар