Сұлтан Алпарслан

Нұржанат Әметбектің мақаласы

Сұлтан Алпарслан

Ұлы Селчук Империясы Аббаси Халифаты ыдырағаннан кейін Ислам әлемінің тұтастығын қалпына келтірген алғашқы мемлекет болды. Бұл алып ел Түркі-Ислам өркениетінің қалыптасуына зор үлес қосқаны белгілі. Империяның шекарасы Қытайдан Византияға дейін созылып жатты. Бұл мемлекеттің қалыптасуына Тұғрыл Бек, Сұлтан Алпарслан және Мәлік Шах сынды тұлғалар үлес қосты. Бүгінгі бағдарламамыздың тақырыбы Селчук билеушілерінің бірі және бірегейі Сұлтан Алпарслан болмақ.

Ұлы тұлғамыз 20 қаңтар 1029 жылы туып, 15 желтоқсан 1072 жылы қайтыс болды. Толық аты мен атағы – Зия әд-Дүния уәд-Дин уә Адуд ул-Дәулә уә Тәж үл-Миллә Әбу Шужа Мұхаммед Алпарслан ибн Дауд Чағры. Қазақша айтсақ, Дәуіт Чағрының ұлы Мұхаммед Алпарслан, Дүние мен Діннің зиясы, Мемлекеттің тірегі, Халықтың Тәжі, қаһарман. Алпарсланның әкесі Чағры бек еді. Алпарслан жастайынан көкесі Тұғрыл Бектің қарамағында өсті. Бұл кезде Селчук мемлекетінің орталығы Хорасан болатын. Тұғрыл Бектің Аббаси халифатын қорғау үшін батыста Шии Фатеми мемлекетіне қарсы жасаған жорығына да қатысқан еді. Осы жорықтан қайтып келген соң, Алпарслан әкесінің кеңесімен мемлекет басқару ісіне араласа бастады. Осы кезде, кейіннен өзінің уәзірі болып қызмет ететін атақты Низам үл-Мүлкпен танысты. 1059 жылы әкесі қайтыс болғанда, Алпарслан әкесінің орнына Хорасан әміршісі болып тағайындалды. 1063 жылы Тұғрыл Бек қайтыс болғанда, Селчук мұрагерлері арасында таққа талас басталды. Тұғрыл мен Чағрының немерелес інісі Құталмыш өзін сұлтан деп жариялады. Бұның себебі әулеттің жасы ең үлкен мүшесі ол еді. Алайда Алпарслан оның билігін мойындамады. Осылайша Селчук мемлекетінің тағдыры шайқаста шешілетін болды. 1063 жылдың 15 қарашасында Дамган деген жерде болған шайқаста Құталмыштың қолы жеңіліп, Алпарслан өзінің таққа лайық екендігін мойындатты. Құталмыш қолға түспей қашып кеткенімен, 7 желтоқсан күні аттан құлап қайтыс болды. Ал Құталмыштың тұтқынға түскен ұлы Сүлейманды Алпарслан батысқа жер аударып жіберді. Бірақ бір қызығы Ұлы Селчук Империясы он екінші ғасырда ыдырап кеткенде, Сүлейман құрған Рұм Селчук мемлекеті немесе басқаша атымен айтқанда, Анадолы Селчук мемлекеті он төртінші ғасырға дейін өмір сүрді.

Алпарслан 27 сәуір 1064 жылы Ұлы Селчук Империясының сұлтаны ретінде таққа шықты. Бас уәзірі Низам үл-Мүлктің кеңесімен ел бірлігін қалыптастырған Алпарслан 1066 жылы құрылтай ұйымдастырып, ұлы Мәлікшахты тақ мұрагері деп жариялады. Бұл қадамы түркі мемлекеттік дәстүріне сай келмесе де, Алпарслан өзінен кейін тақ таласының алдын алу мақсатында бұл әрекетті жүзеге асырған еді. Бұл жағдай түріктердің Иран мен Қытай сынды отырықшы елдерді жаулауымен Түркілік ел басқару дәстүрінің де өзгеріске ұшырап отырғандығын көрсетеді.

Осыдан кейін Алпарcлан елінің аумағын кеңейту мақсатында жорықтарға шыға бастады. Ұлы тұлғамыз алдымен шығыстағы шекарасын бекітіп алды. Нақтырақ айтатын болсақ, Алпарслан Ғазнауилерді Ауғанстанның таулы аймақтарына ығыстырып тастады. Ал Қарахандармен келісімшарт жасасып, Амударияны шекара ретінде белгіледі. Ал батыста болса, Алпарслан алдымен Кавказдағы Грузия мен Византияның қол астындағы Армения елін бағындырды. Грузия өзінің дербестігін Селчук сұлтанына салық төлеу арқылы жалғастырды. Ал Армения мемлекеттілігі толықтай жойылды. Армяндар да тұратын  Ани қаласы жермен- жексен болды. Бұдан кейін Алпарслан назарын Ирак пен Сириядағы Фатеми мемлекетіне бұрды. 1071 жылы Селчук әскерлері Сирияда Халеб тарапына жорыққа бара жатқанда, Алпарсланның хабаршылары Византия императоры Роман Диогеннің Арменияға қарай қалың қолмен жорыққа шыққандығы туралы хабар әкеледі. Алпарслан бағытын солтүстікке қарай бұрып, Византия әскерлерін күтіп алуға шығады. Екі жақ Ван көлінің солтүстігіндегі Малазгирт жазығында 24 тамыз күні қарсыласады. Византия жағының саны көп болғанымен, рухы жоқ еді. Өйткені әскерлердің біразы жалдамалы әскерлер еді. Мысалға, араларында Қыпшақ жасағы бар еді. Ал Селчук жағының саны аз болғанымен, рухы биік еді. Ислам дінін енді қабылдаған түрікмендердің көпшілігі Алла жолына жан беруге талпынып тұр еді. Оның үстіне шайқас басталмай тұрып, қыпшақтар Селчук жағына өтіп кетті. Одан сайын рухы төмендеген византиялық әскерлер шайқастың соңында жеңілген тарап болды. Қолға түскен Византия императорынан Алпарслан «егер мені тұтқын ретінде қолға түсіргеніңде не істер едің­­?» деп сұрапты. Роман Диоген «Сені өлтіріп, өлігіңді Константинопольдің қақпасына іліп қояр едім» деп жауап беріпті. Соны Алпарслан «Менің саған беретін жазам одан да ауыр. Мен саған кешірім жасаймын және сені босатамын» депті. Айтқанындай сұлтан императормен келісімшарт жасасқаннан кейін оған лайықты сый-құрмет көрсетіп, қорғаушылар қосып, еліне қайтарады. Бұл жеңіс тарихшылар тарапынан Византия империясының ыдырауының басы және Анадолының қақпаларының түріктерге ашылуы ретінде бағаланады.

Сұлтан Алпарслан империясының тұрақты дамуы үшін елінің аумағын Селчук ұрпақтары тарапынан басқарылатын әскери аймақтарға бөлді. Бұл аймақтар егіншілік пен мал өсірумен айналысты. Осылайша, Алпарслан тек салыққа сүйенбей, өз жорықтарының шығындарын жауып отырды.

Қорыта айтқанда, Алпарслан 1072 жылы қайтыс болғанда оның империясының шекарасы батыста Еуропаға қарай, оңтүстік батыста Мысырға қарай, шығыста Қытайға қарай кеңейіп бара жатқан еді. Әсіресе түріктердің Иран мен Анадолыны билігіне алуы Түркі өркениетінің орталығының батысқа қарай жылжуына себеп болды.



Ұқсас жаңалықтар